Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» өлеңін әуелете шырқаған актерлер тобы көрермен қауымды театрдың екі қанатына тізілген көркем дүниелерді тамашалауға шақырды.
Музей түнін ашық деп жариялап, құттықтау лебізін білдірген театр директоры Асхат Маемиров бүгінде музей қорында үш жүз мыңнан аса құнды жәдігердің бар екендігін жеткізді. Еліміздің тарихын насихаттау мақсатында жыл сайын 24 мамырда Музей күнін атап өтуді жоспарлап отырған театр басшылығы музейдің алғашқы жанашыры Зейнеп Молдабаеваға арнайы Алғыс хат табыс етіп, өмірден өткен сахна саңлақтарына тиесілі бұйымдардың етек-жеңін жинап, көзінің қарашығындай қамқорлық жасап, жүйелеп жүрген музей жетекшісі Наргиз Тамабекқызына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Музейдегі ең көне костюм «Амангелді» фильміндегі Елубай Өмірзақов киген екі шапанға тоқсанға жуық жылдың жүзі болыпты. Ал сахна саңлағы Серке Қожамқұловтың гримерлік бөлмесіндегі сары шапаны, орындық, айнасы және т.б. бұйымдары және де шамасы өткен ғасырдың 60-шы жылдары болуы керек, Ә.Мәмбетов, Қ. Бадыров, т.б. театр тарландары әңгіме-дүкен құрып отырған кресло өткен күндердің хабаршысындай менмұндалайды.
Музей экспонаттарымен келушілерді таныстырған Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов сахна тарландарының иісі сіңіп, киесі жұққан киімдері мен бұйымдарына зер сала қарап, «Әрқайсысымыз үшін маңызы жоғары осынау қадірлі бұйымдарға мен бей-жай қарай алмаймын» деді тебіреністі үнменен. Ал Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев «Бұл жәдігерлердің еліміз тарихында алар орны ерекше, біздің баға жетпес алтын қорымыз» деп музей сөресінде сап түзеген әр жылдардағы спектакльдер афишасына көрермендердің назарын аударды. Сонымен бірге Ә.Мәмбетов қызмет еткен жылдарды еске түсіріп, талантты режиссердің театрдың бағына біткен ерекше тұлға екендігін айтып, шағын естеліктерімен бөлісті. Музей жетекшісі Н.Тамабекқызы театрландырылған көрініс барысында Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, т.б. сахна саңлақтарының спектакльдерде киген костюмдерімен таныстырды.
Әсерге толы музей түні келушілер театр мэтрлерінің майлы бояумен салынған портреттерін, медальдары, марапаттары, алғыс хаттары, және қолданған бұйымдарын көруге мүмкіндік алды. Мұнда сонымен қатар театр құрылған күннен бергі аралықтағы кезеңдерді қамтитын әр спектакльден түсірілген фотолардың қоры тіптен мол. Театр актерлерінің өмірбаяны, ойнаған рольдері, сұхбаттары мен мақалалары, күнделіктері мен қолжазбалары, т.б. мыңнан аса жәдігерді тамашалағанда өзгеше бір әлемді танығандай күй кешетініңіз анық.
Эльмира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ